Италия банкі Қазақстанның несие нарығына кіруге ниетті

Ғалиасқар Думан

Қазақстанда Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкінің несие желісі ашылуда. Бұл жайында Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Италияның сыртқы істер министрінің орынбасары Эдмондо Чириеллидің екі жақты кездесу барысында мәлім болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

www.sardegnaimpresa.eu

САУДА-САТТЫҚ

Арман Шаққалиевтің айтуынша, Италия Еуропалық Одақ елдері арасында Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2023 жылы екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы $16,1 млрд құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,8%-ға көп. Қазақстаннан Италияға экспорт $14,8 млрд жетті, ал импорт $1,2 млрд құрады, бұл өсімнің оң динамикасын көрсетіп отыр.

Сауда-саттықтың өсуі ағымдағы жылы да жалғасын тапты. 2024 жылдың сегіз айында сауда көлемі 33%-ға өсіп, $13,8 млрд құрады, бұл ретте қазақстандық өнімнің экспорты 36%-ға артып, $12,9 млрд. жетті.

ИТАЛИЯМЕН СЕРІКТЕСТІК

Өз кезегінде италияндық қонақ Эдмондо Чириелли шақырғаны үшін алғысын білдіріп, кездесудің маңыздылығын атап өтті.

«Біздің сауда-экономикалық саладағы қарым-қатынасымыз нығая түсетініне сенімдіміз. Қазақстан Орталық Азияда негізгі орынға ие және Еуропаны өңірмен байланыстырады. Екіжақты сауда көлемі едәуір өсті және біз қол жеткізілген нәтижелерге қанағаттанамыз. Біз Қазақстанда Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкінің несие желісін ашуды жоспарлап отырмыз. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың дами беретініне сенімдіміз. Бұл кездесулерді өткізу біздің ынтымақтастығымыздың алты жылдық кезеңін аяқтаған маңызды кезең болды», –деді Италияның сыртқы істер министрінің орынбасары.