Испанияда 272 адамның өмірін қиған су тасқыны болған жерге келген корольдік жұпты тұрғындар ашумен қарсы алып, балшықпен атқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
ВВВ мәліметінше, адамдарды биліктің жағдай туралы алдын ала ескертпеуі және су тасқынынан кейін жеткілікті қолдау көрсетпеуіне ашуланған. Кадрларда король Фелипе VI жаяу жүргіншілер көшесімен жүргенде оған және оның күзетшілеріне наразылық білдірушілер келіп, айқайлап, қорлай бастағаны көрінеді.
Күзетшілер корольді қоршауға тырысты, бірақ кейбір наразылық білдірушілер оған балшық және басқа заттар лақтырып үлгерді. Король наразылық білдірушілердің бірнешеуімен сөзге келіп, тіпті кейбіреулерін құшақтағаны байқалады.
Суреттерде король Фелипе VI мен королева Летицияның беті мен киімдерінде балшық көрінеді.
Премьер-министр Санчес және Валенсия аймағының басшысы Карлос Масон корольдік жұпқа қосылғанымен, наразылық білдірушілердің ашуы күшейгендіктен олар да тез арада эвакуацияланған. Испандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Санчес кетіп бара жатқанда, наразылық білдірушілер оның көлігіне тас лақтырған.
АШЫНҒАН ТҰРҒЫНДАР
Санчес кеткеннен кейін, жиналғандар «Санчес қайда?» деп айқайлаған.
«Мен бар болғаны 16 жастамын. Біз көмек беріп жатырмыз, бірақ басшылар ештеңе істеп жатқан жоқ. Адамдар әлі де өліп жатыр. Мен бұған төзе алмаймын».», – деп жылаған Пау есімді бала BBC тілшісіне.
Тағы бір әйел: «Олар бізді өлімге қалдырды. Біз бәрінен айырылдық: кәсіпорындарымыздан, үйлерімізден, армандарымыздан айырылдық», – деді.
Кейін азаматтық гвардия мен атты полиция ашулы жұртты таратуға тырысқан.
КОРОЛЬДІК ТОП РЕАКЦИЯСЫ
Корольдік топ бастапқыда Валенсия провинциясындағы тағы бір су тасқынынан қатты зардап шеккен Чива қаласына баруды жоспарлаған, бірақ бұл сапар кейінге қалдырылды.
Кейінірек король отбасының Instagram парақшасында жарияланған видеода наразылық білдірушілердің «ашуы мен көңілі қалғанын» түсінетінін айтты.
Испанияда соңғы онжылдықтардағы ең күшті су тасқынынан 200-ден астам адам қаза тапты. Құтқарушылар тірі қалғандар мен қаза болғандардың денелерін іздеп, жерасты тұрақтары мен тоннельдерді тексеруді жалғастыруда.