ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы сотталып кетті

Қалижан Бектемір

Ақмола гарнизоны Әскери сотының үкімімен Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Н. Дербисов пен Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М. Жақсыбаев 5 жылға, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б. Ізбасаров 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Олар бизнес өкілінен кәсіпкерлік қызметіне қамқорлық жасағаны үшін жалпы сомасы 39,7 млн теңге сомасында пара алған.

Сондай-ақ Б. Ізбасаров 1,7 млн теңге сомасында өзіне қосымша ақшаны заңсыз есептеп билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, – делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысын сынға алған болатын.