Бүгін АҚШ-та президент сайлауы, Америка 47-президентін сайлайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҚЫН БӘСЕКЕ
Демократиялық партия вице президент Камала Харристі ұсынса, республикалық партия экс-президент Дональд Трампты қайта билік басына әкелгісі келеді.
Әзірге әзірге қай үміткердің жолы болары белгісіз. Көп сауалнама қандай да бір кандидаттың басымдығын көрсете алмай отыр. Сондықтан болжам айту қиын дейді сарапшылар.
ТЕҢ ДАУЫС
Мамандардың пікірінше, қос кандидаттың теңдей дауыс жинау ықтималдығы да жоқ емес. Қазір 75 миллионнан астам америкалық алдын ала дауыс берген. Яғни дауыс беруге құқылы азаматтарың жартысына жуығы өз таңдауын жасап үлгерді деген сөз.
ҚАУІПСІЗДІК
Алдын ала дауыс бергендерің көбі демократиялық партияның жақтаушылары. Ал ел астанасы Вашингтонда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Кей жерлерге қоршаулар орнатылды. Себебі Ұлттық барлау қызметі сыртқы күштердің араласуымен төрт жыл бұрынғыдай сайлау қорытындысына байланысты жаппай наразылық акциялары өтуі мүмкін деп алаңдаулы.
Айта кетейік, 2021 жылғы 6 қаңтарда Трамптың жақтастары сайлау нәтижесімен келіспей, АҚШ Капитолийін басып алған еді.
ЖАҚЫН НӘТИЖЕ
3 қараша, яғни сайлауға екі күн қалғанда, аналитиктердің жариялаған деректеріне сәйкес, ел бойынша қолдау деңгейі: Харрис үшін 47,9% және Трамп үшін 47,0% құраған.
5 қарашадағы сайлаудың назарында жеті «құбылмалы» штат бар: Аризона, Джорджия, Невада, Мичиган, Солтүстік Каролина, Пенсильвания және Висконсин.
Бұл штаттарда сайлаушылардың дауысы үшін күрес қызу жүрді. Ал Харрис пен Трамп арасындағы айырма көбінесе минималды. Мұнда кім жеңсе – айырма қаншалықты аз болса да тиісті штаттың барлық дауысын алады.
Америка Құрама Штаттарында 538 сайлаушы даусы бар. Президентті сайлау үшін осы 538 дауыстың 270 даусы қажет. Калифорния штаты ең көп сайлаушы (54) бар штат.