Шекарада тағы да кезек: 300-ге тарта жүк көлігі жиналып қалған

Ғалиасқар Думан

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті «Қазақстан мен Ресей шекарасындағы Құрманғазы өткізу пунктінде көліктердің кезегіне байланысты түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Кірістер комитеті

Комитет мәліметінше, Атырау облысының «Құрманғазы» өткізу пунктінде Ресей Федерациясына баратын маршрут бойынша 280-ге жуық жүк автокөлігі жинақталып қалған.

СЕБЕБІ

“Кептелістің себебі «Атырау-Астрахань» тас жолында жөндеу жұмыстарының аяқталуы болды, бұл көлік құралдарының санының күрт өсуіне әкелді. Алайда, аталған өткізу пунктінің өткізу қабілеті тәулігіне 200 АКҚ құрайды. Ал өткізу пунктіне күн сайын шамамен 250-300 АКҚ келеді. Мәселені жедел түрде шешу үшін Атырау облысы бойынша МКД пунктінде жұмыс істейтін мамандар саны 14 қызметкерге дейін ұлғайтылды” делінген хабарламада.

КІНӘЛІ КӨБЕЙГЕН КӨЛІК АҒЫНЫ БОЛЫП ШЫҚТЫ

Комитет былтырдан бастап өткізу пункттерінде кезек "CarGoRuqsat" электрондық кезек жүйесі арқылы жүзеге асырылатынын, ол жерде еш қиындық жоғын жеткізіп, кептелісті көлік ағынының артыуымен байланыстырады.

“Мемлекеттік кірістер комитеті Шекара қызметімен бірлесіп, көліктің кешігуін азайту және өткізу пунктіндегі жағдайды тезірек шешу үшін барлық күш-жігерін салады. Мемлекеттік шекаралар арқылы, оның ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінің көмегімен жүру маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз” деді комитеттегілер.

Бұған дейін Қазақ-Қытай шекарасындағы "Нұр Жолы – Қорғас" өткізу пунктінде кептеліс болып, бас көлік прокуратурасы мен мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлерінен тұратын топ құрылған.