Алматыдағы жаңбыр соңы қарға ұласады: жүргізушілерге ескерту жарияланды

Ғалиасқар Думан

Алматыда 5-8 қараша аралығында жаңбыр жауып, ал 7 қарашаға қараған түні қар аралас жаңбыр жауып, сынап бағанасы +2°C-қа дейін төмендейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ӘКІМДІК ХАБАРЛАМАСЫ

Қала әкімдігі осыған байланысты тұрғындарға ескерту жариялады.

Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, су басу мен көктайғақтың алдын алу үшін 490 арнайы техника және 1120 жұмысшы жұмылдырылған. 6 қараша кештен бастап жолдарда 160 құмшашыратқыш кезекшілік етеді.

Басқарма жүргізушілерді жазғы дөңгелекті қысқыға ауыстырып, көктайғаққа байланысты сақтық шараларын сақтауға, жаяу жүргіншілерді тайғақ тротуарларда абай болуға шақырды.

Қазгидрометтің мәліметінше, 6 қарашада бұлтты, күндіз ауа температурасы +16°C, жаңбыр жауады, түнде +8…+10°C. 7 қарашада-жаңбырдың соңы қарға ұласып, +2°C дейін төмендейді.

ЗАҢДЫҚ НОРМА

“Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы” Кеден одағының техникалық регламентінің (ТР КО 018/2011) талаптарына сәйкес, жазғы маусымда (маусым, шілде, тамыз) сырғанауға қарсы тікенектері бар шиналарды пайдалануға тыйым салынса, қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналарсыз көлік құралдарын басқару заңмен шектеледі.

Бұл ретте қысқы шиналар көліктің барлық дөңгелектеріне орнатылуы тиіс.

1 желтоқсаннан кейін осы талаптарды орындамаған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес, көлік иелеріне 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.