«Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге зейнетақы берілмейді»: министр осы сөздің рас-өтірігін айтты

Аян Өрібай

Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге зейнетақы енді берілмей ме? Бұл сұраққа үкіметтің баспасөз орталығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ҚАНДАЙ НЕГІЗ БАР

– Жақында Қазақстанда жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтатуды ұсынғаныңыз жазылды. Бұл ұсынысыңыз зейнеткерлерді алаңдатып қойды. Редакциямызға да жүгініп жатқандар бар. “Егер зейнетақымызды тоқтатып тастаса, біз неге жұмыс істейміз” деп хабарласқан адамдар жетерлік. Зейнеткерлер де еріккеннен жұмыс істеп жатқан жоқ қой. Бір жерде жағдай жоқ, бір жерде маман жетіспейді. Осы бастамаңызды немен негіздейсіз? Тәуекелдерді ескеріп отырсыз ба? – деп сұрады Ulysmedia.kz министрден.

ХЕЙТ ПЕ, ХАЙП ПА

Бұл сұраққа жауап берген Светлана Жақыпова журналистер бұған дейін таратқан ақпаратты контексттен жұлып берді деп есептейді.

– Ерте шығу және кеш шығу деген екі тәсілі (зейнетке) бар. Сол ұсынысты атап өткенмін. Кеш шығу бойынша қазіргі зейнеткерлер өз құқығын іске асырды ғой. Зейнетке шығып кетті. Сарапшылармен айтып отырған бұл ұсыныс – біздің қазіргі уақытта зейнетақысын алып отырған азаматтарға ешқандай кедергі келтірмейді. Олар қалай зейнетақысын алды, жұмыс істеп отыр – ол солай ары қарай жалғаса береді. Менің айтқан ұсынысым, ешқандай заң жобасы, Үкіметпен келісілген ештеңе жоқ. Бұрынғы брифингте болған кезде зейнетақы жүйесінде реформалар бола ма дегенде – биыл, ендігі жылы реформалар қарастырылмағанын айттық. Қазір біз өзіміз болжамдарды жасап, еңбек нарығын қарастырып отырмыз. Еңбек нарығында биыл ғана 300 мыңдай жас адам шықты. Оларға жұмыс орындары керек. Сондықтан, сарапшылар осындай ұсыныстар беріп отыр. Негізі менің сұхбатым толық шыққан. Сол жерден алсаңыздар болады. Неге журналистер тек бір ғана сөзді жұлып алып, соны ғана беріп, хейт дейді, хайп дей ме – қоғамды дүркіретті рас. Бірақ сіздер менің өтінішім – ақпаратты дұрыс жеткізіңіздерші, – дейді ол.

Оның айтуынша, БАҚ сол күні берген сұхбаттың толығын бермей, тек бір бөлігін берген.

– Ал біз айтып отырғанымыз – ерте және кеш шығу құқығы жайлы болды. Адам зейнетке шығу құқығын кейінге қалдырса, оған онда зейнетақы төленбейді. Бұл ұсыныс қана. Ал қазіргі зейнеткерлердің зейнетақысын Конституция бойынша ешкім тартып ала алмайды, – дейді ол.

Министрдің айтуынша, қазір зейнеттегі, жұмыс істеп жүрген азаматтар зейнетақысын да, айлығын да ала береді.