Украинадағы соғыс. Дағыстанға дронмен шабуыл жасалды

Әлихан Асқақ

6 қарашада таңертең украин дрондары алғаш рет Дағыстанның аумағына шабуыл жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Ресейлік әуе қорғаныс жүйесі оны Каспий төбесінде атып түсірді деп мәлімдеді республика жетекшісі Сергей Меликов.

БІР АДАМ ЗАРДАП ШЕКТІ

Дағыстанның денсаулық сақтау министрлігі Каспийскінің 16 жастағы тұрғыны зардап шеккенін хабарлады. Ол атып түсірілген дронның бөлшегінен жарақаттанған.

Astra басылымы қала төбесінде ұшып жүрген дрондарды түсірген куәгерлердің видеосын жариялады.

ӘУЕЖАЙ ЖҰМЫСЫ ТОҚТАДЫ

Дрон шабуылына байланысты Махачқала әуежайының жұмысы біраз уақыт кідірген. Baza-ның жазуынша, Махачқала әуежайында үш ұшақ кешігіп әуеге көтерілген.

Каспийскіде Ресей флотилиясының әскери-теңіз базасы шоғырланған. Қала Махачқаладан шамамен 20 шақырым жерде Каспий жағалауында орналасқан.

Каспийск пен Украина бақылауындағы аймақ арасы – шамамен мың шақырымнан астам жер. Дағыстанға Украина әскері А-22 "Ұшатын түлкі" атты дронмен шабуылдаған болуы мүмкін деп жазды Shot және Mash арналары. Мамырда осындай аппарат Татарстан төбесінде атып түсірілген.

ЕКІ КЕМЕ БҮЛІНДІ

"Украинская правда" басылымы Украина барлау басқармасындағы дереккөзге сүйене отырып, дрон шабуылының салдарынан Ресейдің Каспий флотилиясына қарайтын кемінде екі кемесі (ракета таситын "Татарстан" және "Дағыстан") бүлінген болуы мүмкін екенін жазды.

Каспий флотилиясына қарайтын кемелер Украина аумағына ракетамен соққы жасап жүр. Ал Каспийскіде шоғырланған 177-ші теңіз жаяу әскері полкі Херсон және Запорожье облыстарындағы шайқастарға қатысқан.

6 қарашаға қараған түні Ресей қорғаныс министрлігі үш украиналық дрон атып түсірілгенін хабарлаған. Онда Дағыстан жөнінде ештеңе айтылмаған.

Естеріңізде болса, бұған дейін Украина дрондары Шешенстанға шабуыл жасағаны туралы жазғанбыз. Қадыровтың мәліметінше, шабуыл салдарынан украин сарбаздары қаза болған.