«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Қызылорда облысының жастары белсенді қатысуда

Ғалиасқар Думан

Бүгін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының жастары «Жашыкөл» учаскесінде эко-марафон ұйымдастырды. Тазалық еріктілерін аудан орталығының тұрғындары да қолдады. Олар, бірге 15 қап қоқыс жинап, туған ауылының тазалығын сақтауға үлес қосты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық жобасы өскелең ұрпақ арасында кеңінен танылып келеді.

Мәселен, Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінде «Туған өлкені таза ұстау – біздің ортақ парызымыз» тақырыбында эко-тәрбие сағаты өтті. Студенттерге қоршаған ортаны қорғау және қоқысты дұрыс сұрыптау бойынша дәрістер оқылды.

- Біз табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты және үлкен сүйіспеншілікпен қарауымыз керек. Туған жердің тазалығы мен жайлылығын сақтаудағы ерекше миссия жастарға жүктелген. Бұл бағытта жоғары оқу орындары мен колледждердің оқушылары мен студенттері арасында жүргізіліп жатқан үлкен түсіндіру жұмыстары маңызды, - деп атап өтті республикалық «Байтақ» партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұрхан Айдаров.

Сонымен қатар, Шиелі ауданында 3,2 мың жас ағаш көшеттерін отырғызу басталды. Жалпы, аудан орталығы - Шиелі кентінде күзгі ағаш отырғызу үшін арнайы 6,6 гектар жер дайындалған.

Ал, аудан орталығындағы М.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінде оқушылар робототехника бойынша бұйымдар мен қолөнер, сондай-ақ конструкциялар жасады.

Бұл үшін негізгі шикізат сенбілік кезінде балалар жинаған әртүрлі тұрмыстық қалдықтар пайдаланылады. Айта кету керек, балалардың шығармашылық әрекеттері назардан тыс қалмады. Осы мектептің 6 оқушысы өңірлік жарыстардың жеңімпаздары атанып, Астана қаласында өткен роботбаттл байқауына қатысты.

Сондай-ақ, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің студенттеріне өткізілген лекция презентациясында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстардан мағұлматтар берілді.

– Біздің студенттер тазалық пен тәртіпті сақтаудың маңыздылығы туралы дәрістер тыңдады. Бұл адам денсаулығы үшін ғана емес, біздің табиғатымыз үшін де қажет – деп атап өтті колледж директорының орынбасары Алмат Молдабаев.

Айта кету керек, облыста «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталғалы оған 616 032 облыс тұрғыны қатысты. 23 651 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 505 алаңдар мен саябақтар, 225 тарихи ескерткіштер аумақтары, 791 әлеуметтік нысан, 4332 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, 322 су айдындары, 47 451 аулалар мен көшелер тазартылды. 548 арнайы техника қолданылып, 129 358 ағаш көшеттері отырғызылды.