Астананың іргесінде жасы 50-ге таяған азамат 20 келіге жуық есірткімен ұсталды

Ғалиасқар Думан

Ақмола облысының елордаға жақын аудандарының бірінде полицейлер ірі көлемде есірткі сатушыны ұстады, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: polisia.kz

ІІМ ресми ресурсының мәліметінше, күдікті ұзақ мерзімді жедел жұмыстардың нәтижесінде ұсталып, одан заңсыз айналымнан 18 килограмнан астам гашиш тәркіленген.

“Бұл операцияға полиция департаментінің қызметкерлері мен 5573 әскери бөлімінің кинологтары Макс, Рич және Самурай есімді қызметтік иттермен қатысып, іздестіру және анықтау шараларында маңызды көмек көрсетті” делінген хабарламада.

Тінту барысында төрт аяқты көмекшілер күдіктінің үйінен тыйым салынған зат салынған қапты, сондай-ақ тіркелмеген қаруды тауып, полицейлерге жәрдем тигізген.

“Зерттеу барысында күдіктінің есірткіні сақтап қана қоймай, оны сатумен де айналысқаны анықталды. Полиция қызметкерлері алдын ала оралған есірткілер мен қажетті құралдарды тәркілеп, оның тұрғылықты жерін “есірткі дүкеніне” айналдырғанын айғақтады. Қазіргі уақытта аса ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде” деді полициядағылар.

48 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.