«Семей орманының» өртенген қалың қарағайы жүздеген миллионға сатылып жатыр

Аян Өрібай

Хабарландыру мемлекеттік аукцион сайтында пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ЕҢ ҚЫМБАТЫ 150 МЛН ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН

Аукцион сайтында бірден 30 лот жарияланды. Өртенген ағаш учаскелерінің бағасы 30 млн теңгеден 150 млн теңгеге дейін барады. Сатушы – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерваты.

Аукционға қатысып, орманды игеруге міндеттелетіндерге қойылатын талап құжаттары қоса жарияланған. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ағаштар (өздері ұтып алған учаскеде) түп тамырымен әкетілуі тиіс. 

Орман ағаштарына бағалаушы компания 7 санатқа бөліп баға белгілеген. Жай ағаштың текше метрі 11 мың теңгеден басталса, кесілмеген, құрғақ, ұзындығы 2-6,5 метрлік ағаштардың текше метрі 47,9 мың теңгеге дейін барады. Сатып алушы технологиялық картаға сәйкес, “Франко-кәсіпорын” тәртібіне сай (сатушы сатып алушыға жеткізуі керек) ағаштарды сатып алады.

СЕМЕЙ ОРМАНЫНДАҒЫ ӨРТ

Еске салайық, 2023 жылы 8 маусымда “Семей орманы” резерваты аумағында өрт тұтанған еді. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды (қазір ол да бұл қызметте жоқ). Антикор мәліметінше, төтенше жағдай министрлігінде жемқорлықтың 70%-ын бөлімше басшылары жасаған. Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі.

Бородулиха аудандық соты резерват қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін (ҚК 292-бабы 3-бөлігі) екі адамды кінәлі деп танып, әрқайсысын жеті жылдан бас бостандығынан айырған болатын.