Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путин мен АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың арасында телефон әңгімесі болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Песков әңгіме болмағанын баса айтып, жарияланған ақпарат жалған әрі негізсіз екенін мәлімдеді.
– Бұл қазіргі кезде кейде тіпті беделді басылымдарда жарияланып жатқан ақпарат сапасының ең айқын мысалы, – деді ол.
Бүгін Трамп Путинге қоңырау шалып, екеуара Украинадағы қақтығысты талқылағаны хабарланған.
WP АҚПАРАТЫ
Washington Post өзінің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып Трамп Ресей басшысына Еуропада америкалық әскердің көп екенін еске салды, сонымен қатар континентте бейбітшілікке қол жеткізу үшін одан әрі келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдірді деп хабарлаған.
Украина СІМ қоңырау туралы алдын-ала хабардар болмағанын айтып, түсініктеме беруден бас тартқан. Ал Трамптың коммуникациялар жөніндегі директоры Стивен Чеунг сонымен қатар Трамптың әлемдік көшбасшылармен жеке әңгімелеріне түсініктеме бермейтінін айтқан.
Бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп сайлауда жеңіске жеткен. Оған берілген дауыстар саны қарсыласы Камала Харристен басым түсті.
Еске салсақ, бұған дейін Трамптың инаугурациясы қашан өтетіні белгілі болған. Сондай-ақ Тоқаев Трампты айқын жеңісімен құттықтаған болатын.