Ұлттық банк 5 000 теңгелік банкноталардың айналымына байланысты мәлімдеме таратты

Ғалиасқар Думан

Ұлттық банк 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың және 2023 жылғы үлгідегі өзгертілген дизайндағы номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін ұзартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

АЙЫРБАС

Айналымда қатар жүру кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап барлық банк пен Қазпоштада 3 жыл ішінде, ал ҚҰБ филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға мерзімсіз айырбастайды.

ҰБ мәліметінше, айналымда қатар жүру кезеңінде жаңа үлгідегі және ескі үлгідегі банкноталар заңды төлем құралы болып қалады, төлемдер мен аударымдар жасала береді. Банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың атаулы құны сақталады әрі қабылданады.

Ол банкноталардың барлығы ҚҰБ филиалдарында, Қазпоштада және еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында еш шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады. 

“Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының дизайны өзгерген кезде айналымдағы ақша белгілерінің қатар жүру кезеңін ауыстыруға және белгілеуге қатысты жалпы тәртібі «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналыстағы ақша белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру қағидаларын бекіту туралы» ҚҰБ-тың 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 228 Басқарма қаулысына сәйкес жүзеге асырылады” делінген хабарламада.

Ұлттық банк заңды төлем құралы саналатын банкноталар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын еске салды.

2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік банкнота

2023 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік банкнота