Қызылордада сексуалды құлдықта болған 16 жастағы қыздың ісі бойынша алғашқы сот үкімі шықты

Қалижан Бектемір

Қызылордада сексуалды құлдыққа ұшыраған оқушы қызға қатысты бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс жабық есік жағдайында қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: pixabay.com

700 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАЛАП ЕТКЕН

Соттың мәліметінше, сотта қылмыстық процестің тек бір эпизодына қатысты іс қаралған.

Ресми мәлімет бойынша, сотталушы Т, кәмелетке толмаған жәбірленушіні ар-намысына тиетін ақпарат таратамын деп қорқытып, одан 700 мың теңге талап еткен, сондай-ақ сөмкесіндегі 35 мың теңге ақшасын алып кеткен.

Қызылорда облыстық сотының мәліметінше, сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, оқиға болған жерді қараумен, беттестіру хаттамаларымен және жәбірленушінің айғақтарымен дәлелденген.

СОТ ҮКІМІ

Сот үкімімен Т "бопсалау" бабы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – делінген сот хабарламасында. 

Сотталушының бұған дейін соттылығының болмауы және жігіттің жасы (21 жас) жеңілдететін жағдайлар болып танылған.

Ресми мәлімет бойынша, сот сотталушыны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Еске салсақ, бұған дейін сенат депутаты Марат Қожаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қызылорда облысында жыныстық құлдыққа түскен 16 жастағы қыздың жағдайына түсініктеме берген болатын.

16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДЫҢ ОҚИҒАСЫ

Тамыз айының басында Қызылорда қаласында мектеп оқушысының анасы сыныптастары қызын есірткі қолдануға мәжбүрлеп, күштеп ұстағанын, ақша бопсалап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткенін мәлімдеген. Кейін оқиғаның егжей-тегжейі арнайы өткен брифингте баяндалды. "Не молчи" қоғамдық қорының араласуымен сұмдық деректердің беті ашылды. Сол күні белсенді Айсана Әшім «16 жастағы қызды 1000 еркек зорлағанын» айтып дабыл қақты. Бұдан бұрын оқушыны секс-құлдыққа салған 13 адам бары айтылған. Жәбірленуші қыздың анасы Ulysmedia.kz-ке сұхбат беріп, іс бойынша 200 адам тергеліп жатқанын айтқан.