Әскерден тағы да қаралы хабар. Жаркентте офицер қаза тапты

Ғалиасқар Думан

Жетісу облысындағы Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері жоспардан тыс сабақтар өткізу кезінде алған жарақатынан қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көрнекі сурет

Бұл туралы Құрлық әскерлері қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлім етті.

Ведомство мәліметі бойынша, қайғылы жағдай бүгін диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізу кезінде болған.

“Қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан қайтыс болды.Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі” деп мәлімдеді баспасөз қызметі өкілдері.

Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ӘСКЕРДЕГІ ӨЛІМ

Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Біраз уақыт бұрын «Оймаша» полигонында оққа ұшқан әкенің «жалғыз ұлымнан айырылдым» деп шырылдаған үні бүкіл қоғамды тағы дүр сілкіндіріп, осы үрейді үдете түскен. Одан кейін Қорғаныс министрлігіне қарасты Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер көз жұмды. 

Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінде кейінгі жылдары қанша сарбаз, қанша әскери қызметкер көз жұмғанын Ulysmedia.kz бұған дейін анықтап көрген еді.