Германиядағы Хаген қаласының тұрғыны, бұрынғы сынып старостасы Расим О., мектеп қорындағы 7 500 еуроны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Бұл қаражат сыныптастарының бітіру кешіне арналған жинақ болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
BILD басылмының мәліметінше, Расим мектепте үлгілі оқушы ретінде танылған, бірақ ол он ай бойы сынып қорындағы ақшаны өз жеке шығындарына пайдаланып келген. Қордан ұрлаған ақшаға ол мейрамханалардан тамақтанып, Түркияға саяхаттап келген. Тіпті сол ақшаға неміс азаматтығын алу үшін төлем жасаған.
ҚАРАЖАТТЫҢ ЖОҒАЛУЫ
Екі жыл бұрын сыныптағы 64 оқушы бітіру кешін ұйымдастыру үшін ай сайын 35 еуродан жинаған. Қаражат залды безендіру, тамақтану және ойын-сауық бағдарламасын қамтуға жұмсалуы тиіс еді. Алайда, бітіру кешіне сегіз апта қалғанда, ақшаның айтарлықтай бөлігі жоқ екені анықталды.
ҚҰРДАСТАРЫНЫҢ ПІКІРІ ЖӘНЕ СОТ ҮКІМІ
«Ол өзін жұлдыз сияқты ұстап, Instagram-ға суреттер жүктеді. Енді оның бәріне қалай төлегенін түсіндік», – деп мәлімдеді оның бұрынғы сыныптасы BILD-ке.
Сотта Расимге сыныптың жалпы қаражатын жымқырудың 58 жағдайы бойынша айып тағылды. Прокуратура ұрланған соманы 5 430 еуро деп бағалады, себебі 50 еуродан аз шағын шығындар есепке алынбаған. Расим кінәсін мойындап, «шырғалаң шеңберінен» шыға алмай қалғанын айтқан.
БАЛАНЫҢ ШАЛАЛЫҒЫ АТА-АНАҒА АРТЫЛДЫ
Расимнің ата-анасы ұрланған ақшаның барлығын өтеп, мектеп қорына қайтарды. Бұл бітіру кешінің өтуіне мүмкіндік берді, бірақ Расимге шараға қатысуға тыйым салынды. Сот оған 900 еуро көлемінде айыппұл салды.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПАРАЛЕЛЬ
Дәл осыған ұқсас жағдай Қазақстанда да болып жатыр. Алайда мұндағы ұрланған ақшаның ауқымы мен жиналған қаражаттың мақсаты германиялықтардың жағасын ұстатары анық.
Кеше волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталған. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған қаражатқа қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алған, 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған деп күдікке ілініп отыр.
Жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, ол қайырымдылықтан түскен ақшаға жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК, сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған.
Тергеу дәрегіне сай, Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.