Қостанай облысында діни рәсімдердегі ысырапшылдықты азайту мақсатында жаңа талаптар енгізілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚМДБ НЕ ДЕЙДІ
ҚМДБ мәліметінше, бұл шешім "Аймағанбет қажы Спанұлы" мешітінде өткен конференция барысында қабылданған.
Іс-шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облыстық өкілдігі ұйымдастырды.
Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлының айтуынша, жаңа шешімдер діни рәсімдердегі артық шығындарды қысқартуға бағытталған.
ОЛ ҚАНДАЙ ТАЛАПТАР
Олардың негізгілері: қонақ асын (жаназадан бір күн бұрынғы берілетін кешкі асты) тоқтату;
ас мәзірін (бауырсақ, нан, қант, кәмпит-піспенан, су, шәй, ыстық тамақ) бірізділікке салу;
ҚМДБ-ның "Қамқор-шарапат" салттық қызмет көрсету орталығының бекіткен нормалары бойынша зират көтеру;
марқұмның жылдық астарында көрсетілетін бейнероликтердің әуеніне назар аудару, бейнеде алкогольді ішімдігі бар фото не видео көріністердің, әуреті ашық киімдердің болмауын қадағалу;
жаназа астарын жиналысқа айналдырмау, сәйкесінше, онда үш адамнан артық кісіге сөз бермеу.