Қазақстан Ресейден өз жерін талап етуге құқылы – экс-депутат

Сырым Қаржас

Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсаров Қазақстанның Ресей жерінде қалған аумағына қатысты құқығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Бұрынғы сенатордың айтуынша, Ресей, Сібір, Мәскеу – Венгрияға дейін – бұл Шыңғыс хан мен оның мұрагерлерінің жері болған.

“Новосибирск – Ноғай-Сібір, бұл біздің қазақтың жері. Тюмень – Төмен – Алтын Орданың оңтүстік шеті. Төменнен әрі жатқан жоғары аумақтар да біздікі. Оренбург – Орынбор, ол қазақ мемлекетінің астанасы болған. Курган – Қорған. Саратов – Сарытау. Астрахань емес - Астар-хан. Омск емес, Омбы», деді.

Қайсаровтың пайымдауынша, Қазақстанның қазіргі шекарасынан солтүстікке қарай кемінде 500-600 шақырым жердегі барлық аумақтар бастапқыда қазақ жері болған.

Ал Орынбор облысы Ресейге 1926 немесе 1927 жылдары ғана берілді. Ол кезде ресми түрде Қазақстан территориясы болды.

“Сондықтан Қазақстанның қазір бұл жерлерді қайтарып алуға барлық моральдық және тарихи құқығы бар», - деп қосты ол.

Бұған дейін Ulysmedia.kz редакциясы 2011 жылы Жаңаөзендегі сұмдық оқиғаны талқылау үшін Қайсаровтан сұхбат алған болатын.