Бұрынғы LRT компаниясы жүздеген миллионға Астана шетіндегі жер учаскелерін сатып жатыр

Аян Өрібай

Жер учаскелерінің саудаға шығарылғаны жөнінде хабарландыру электронды сауда-саттық алаңында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Атап айтқанда Астанадағы құрылыс әлі түспеген Нұра, Есіл, Сарыарқа ауданындағы жер учаскелері электронды сауда-саттық алаңына шығарылған. Жүздеген гектар жер учаскелелерінің ең қымбаты 1,2 млрд теңгеге барады. 40, 100, 200, 300 млн теңгеге бағаланған жер учаскелері де бар. 

Аумақтардың кейбірі жер учаскесі деп көрсетілсе, кейбірінің мақсаты ауыл шаруашылығын жүргізу үшін деп көрсетілген. Жер учаскелерінің иесі әрі сатушысы – City Transportation Systems компаниясы (бұрынғы Астана LRT).

Хабарландыруда жер учаскелерінің құжаттары, актісі, тіркелген құқық иесі жөнінде анықтамасы қоса берілген. Жер учаскелерін сату бойынша аукцион биыл желтоқсан айында өткізіледі.

CTS НЕ ДЕЙДІ

Ulysmedia.kz порталы City Transportation Systems компаниясынан осыншама қымбат бағаланған жер учаскесі кімнен қалай берілгенін сұраған. Компанияның баспасөз қызметі Азаматтық кодекстің 341-бабына сілтеме жасап, компанияға міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін талап ету құқықтары берілгенін хабарлайды.

– Талап ету құқығын беру арқылы қарызды өндіру аясында, қарызды өтеу есебінен серіктестіктің балансына 53 жер учаскесі беріліп, олар сатуға шығарылды, – делген жауап келді компаниядан.

CTS заңға сілтей отырып, жер учаскелерінің өзіне кімнен қалай берілгені жөнінде ақпаратты бермеді. “Егер бұл ақпарат үшінші тұлғаларға белгісіз болуына байланысты нақты немесе әлеуетті коммерциялық құндылыққа ие болса, оған заңды негізде еркін қолжетімділік болмайды және ақпараттың иесі оның құпиялылығын қорғау үшін шаралар қабылдайды” деген жауап келді компаниядан.