Түркістан облысында әйел мен оның қызын өлтірген күдіктінің соты ашық өтеді

Қалижан Бектемір

Түркістан облыстық соты қанды қылмысқа қатысты сот процесі ашық өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: дереккөз

Otyrar.kz сайтының мәліметінше, қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралады. Бүгінде алқабилер таңдалып та қойылған. Айыпталушыға 3 бірдей қылмыстық бап бойынша кінә тағылып отыр.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі іс материалдарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары сотталушыға қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу (ҚК 24-бабы 3-бөлігі), кәмелетке толмаған адамды зорлау (ҚК 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағы), екi немесе одан көп адамды өлтіру (ҚК 99-бабы 2-бөлігі 1, 3, 10, 14-тармақтары) қылмыстық әрекеттері бойынша айып тағып, сотқа жолдағанын, сотталушының өтініш хаты бойынша іс алқабилердің қатысуымен ашық сот отырысында қаралатынын хабарлады.

Еске салсақ, 12 қыркүйек күні Келес ауданында жантүршігерлік қанды қылмыс болған еді. Маңайда тұратын ауыл тұрғыны шырт ұйқыда жатқан 46 жастағы әйел мен оның 15 жасар қызын өлтіріп кеткен. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, күдікті мұғалім болып қызмет атқарып жүріп оқушы қызға қырындаған. Мұны білген анасы педагогтың үстінен арыз түсіріпті. Жұмыстан қуылған ер адам екі бірдей адамнан кек алған көрінеді. Істің анық-қанығы енді сот процесінде белгілі болады.

Бұған дейін Түркістан облысында анасы мен қызын өлтіріп кеткенін жазған болатынбыз.