АҚШ-тан есірткі алдырған екі қазақстандық сотталды

Ғалиасқар Думан

Қаржы мониторингі агенттігі АҚШ-тан есірткі және психотроптық заттарды халық тұтынатын тауарлары бар пошта сәлемдемелері түрінде аса ірі мөлшерде жеткізу фактісі бойынша сот шешімі шыққанын мәлем етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан скриншот

МӘН-ЖАЙЫ

Қызметтік-іздестіру итін қолдана отырып, тексеру жүргізу кезінде кедендік бақылау аймағындағы уақытша сақтау қоймасында жалпы салмағы шамамен 1 кг болатын "гашиш" есірткі заты табылып, тәркіленген.

Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізілген мониторинг нәтижелері "Қазпошта" АҚ қалалық филиалдарының бірінде сол алушылардың атына тағы бір сәлемдеме бар екендігін көрсетті.
 
Сәлемдемеде жалпы салмағы 7 грамнан асатын күшті психотропты зат – тетрагидроканнабинол және оның изомерлері табылған.

Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылған.

ҮКІМ

Сот шешімімен істің екі қатысушысы кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтей отырып, 8 және 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Жалпы, жыл басынан бері есірткі контрабандасы және заңсыз айналымы фактілері бойынша 116 қылмыстық іс тіркелген. 57,3 кг есірткі тәркіленген.
 
Сонымен қатар, 1,7 кг психотроптық заттар, анаболиктер (улы зат) – 206 мың дана және "Тропикамид" көз тамшылары – 1 680 дана анынған.

ҚМА экономикалық құқық бұзушылық жасау фактілері белгілі болған жағдайда, ол туралы "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауды сұрайды Анонимділікке кепілдік берілетіні айтылды.