Путиннің сапары: Астанада кей көшелер жабылып, соғыс ұшақтары ұшырылады

Ғалиасқар Думан

Мемлекеттік күзет қызметі халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғаға байланысты елордада қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Мекеме мәліметінше, шетел мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесі мен оған әзірлік аясында 27-28 қараша күндері астана көшелерінің жекелеген бөлігінде көлік құралдарының жүруіне уақытша шектеу қойылады.

“Әзірлік шараларында ҚР арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау және Қарулы Күштер ресурстарын, оның ішінде әскери авиация мен техниканы пайдалану көзделген.

Сонымен қатар, 27 қарашада Астана қаласы аспанында ҚР ҚМ майдан авиациясының ұшуы жоспарланған” делінген хабарламада.

Мемлекеттік күзет қызметі елорда тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға уақытында өткізілетін қауіпсіздікті қорғау шараларына түсіністікпен қарауды сұрайды.

Бұған дейін сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кеңейтілген кездесуде Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланғанын мәлім еткен.

Ал 28 қарашада Астанада ҰҚШҰ елдері сыртқы істер, қорғаныс министрлерінің, қауіпсіздің кеңесі хатшыларының отырысы және қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтед деп жоспарланған.