«Аралтұз» қашан «Славяночка» болып кеткен: желі қолданушылары шулап жатыр

Меліс Сейдахметов

Әлеуметтік желіде Жұмагүл Ізбайқызы деген қолданушы дүкенге тұз алуға барып, "Аралтұзды" таппай, оның орнына белгілі тауар үлгісіне ұқсас қаптамада "Славяночка" деген тұз сатылып жатқанын көргенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБА

“Бүгін Аралтұзды алайын деп дүкенге келсем "Славяночка" қарайды. Оған қарамай көк түсті Аралтұзды іздемеймін бе. Менеджерден сұрасам әне тұр деп көрсетеді. Сөйтсем славяночка боп жатқан Аралтұз екен. Артында өндіруші "Аралтұз" АҚ . Қызылорда облысының, Арал ауданының, Жақсықылыш кенті депті. Содан славяночкасы несі деп ойланып жүрмін. ))” дейді желі қолданушысы.

Жазбаға жазылған пікірлерден кей қолданушылар сауда маркасын Ресей сатып алған болуы мүмкін деп топшылап жатыр.

Ал жазбаны бөліскен журналист Кәмшат Тасболат “Аралтұз қашан “славяночка” боп кеткен? Кім нақты ақпарат бере алады?” деп сауал қойды.

КОМПАНИЯ ПІКІРІ

Ulysmedia.kz жағдайдың мән-жайын білу үшін Аралтұз акционерлік қоғамына хабарласып көрді. Өзін Шолпан Қалдарбекова деп таныстырған компания өкілі Аралтұз акционерлік қоғамында ас тұзының бірнеше сауда маркасы барын атап өтіп, "Славяночка" бұрыннан өндіріліп жатқан өнім екенін, “Аралтұз” ешқайда кетпегенін мәлім етті. Толығырақ ақпаратты жазбша сауалға жолдай алатынын жеткізді.

Акционерлік қоғам сайтында да ас тұзының бірнеше түрі туралы ақпарат бар. Ол жерде жоғарыда аталған екі сауда маркасы да тұр.