НАТО Парламенттік Ассамблеясы Зеленскийдің "жеңіс жоспарын" қолдады

Ғалиасқар Думан

Монреальда өткен отырыста НАТО Парламенттік Ассамблеясы резолюция қабылдап, НАТО елдерінің үкіметтерін Украинаға қолдау көрсетуді жалғастыруға шақырды. Резолюцияда НАТО-ға мүше елдер Украинаға "мүмкіндігінше тезірек" шақырту беріп, оны альянстың 33-мүшесі ретінде қабылдауға көмектесу үшін саяси және практикалық күш-жігерді арттыруға үндеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

reuters

Резолюцияда Украина Президенті Владимир Зеленский ұсынған "жеңіс жоспары" қолдау тапты. Бұл жоспардың бір тармағы Украинаға НАТО-ға ресми шақырту жіберуді қарастырады.

"ТОМАГАВК" ЗЫМЫРАНДАРЫ МЕН БАСҚА ДА ҚАРУЛАР

Дереккөздер мәліметінше, "жеңіс жоспарына" қосымша құжатта Украина АҚШ-тың радиусы 1600 немесе 2500 км болатын "Томагавк" қанатты зымырандарын жеткізуді сұрағаны туралы айтылған. Резолюция мәтінінде "Томагавк" туралы айтылмаған, бірақ Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, алыс қашықтықтағы жоғары дәлдікті зымырандық жүйелер мен жойғыш ұшақтарды жеткізуге қолдау білдірілген. Сонымен қатар, құжатта батыс қару-жарағын қолдана отырып, Ресей аумағындағы әскери нысандарға соққы жасауға Украинаға рұқсат беру ұсынылған.

РЕСЕЙГЕ ҚАТЫСТЫ ЖАҢА СТРАТЕГИЯ

Резолюцияда келесі НАТО саммитіне орай Ресейге қатысты ортақ стратегиялық доктрина жобасын әзірлеу ұсынылды. Бұл доктринада Мәскеуге қарсы әскери іс-қимылдарға дайындық және оның агрессиялық соғыс жүргізу қабілетін әлсірету мақсатында санкциялар режимін кеңейту қажеттілігіне баса назар аударылуы керек деп көрсетілген.

РЕКОМЕНДАТИВТІК СИПАТТАҒЫ ҚҰЖАТ

Резолюция міндетті түрде орындалуы тиіс емес, тек ұсыныстық сипатқа ие. Бұл құжат Украинадағы соғыстың шиеленісуіне байланысты қабылданды. АҚШ пен оның одақтастары Украинаға Ресей аумағына алыс қашықтықтағы қарумен соққы жасауға рұқсат бергеннен кейін, Ресейдің орта қашықтықтағы "Орешник" зымыранымен Днепр қаласындағы "Южмаш" зауытына соққы жасағаны туралы хабарланды.

КРЕМЛЬДІҢ ЖАУАБЫ

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сейсенбі күні Батыс елдері Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдемелерін "тыңдауы керек" деді. Путин "Орешник" зымыранының ядролық оқтұмсық тасымалдауға қабілетті екенін айтып, оның Украинаға қару жеткізуші НАТО елдеріне соққы жасау үшін қолданылуы мүмкін екенін ескерткен.

НАТО-УКРАИНА КЕҢЕСІ

26 қарашада Брюссельде НАТО-Украина кеңесінің отырысы өтуде. Онда Ресейдің орта қашықтықтағы зымыранмен жасаған соққысы талқылануда. Бұған дейін НАТО одақтастары бұл соққыны "шиеленістің ушығуы" деп айыптаған еді.

Зеленский қазанда Еуропалық кеңес көшбасшыларына “жеңіс жоспарын” таныстырған.