«Бізге доқ көрсетіп отыр». Instagram-нан өшірілген қазақстандық әндер қайта қосыла ма

Меліс Сейдахметов

Алматыда «Қазақстан авторлық қоғамы" РҚБ Instagram желісінен қазақстандық әртістердің әндері жоғалып кетуіне байланысты баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Instagram пайдаланушылары желіден отандық авторлардың музыкасы жоғалып кеткенін байқаған. Әлеуметтік желіге иелік ететін Meta компаниясының өкілдері "Қазақстан авторлық қоғамы" ұйымымен келісе алмағанын, сондықтан осы авторлық қоғамның каталогындағы барлық музыка Instagram жане Facebook-тен өшірілгенін мәлім еткен.

КЕЛІСІМ ШАРТ МЕРЗІМІ БІТІП, ЖАҢАСЫНА КЕЛІСЕ АЛМАҒАН

"Қазақстан авторлық қоғамы" Мета компаниясымен 2022 жылы жасалған келісімшарт мерзімі аяқталғанын, оны созу кезінде қазақстандық авторларға роялити төлеу мәселесі бойынша ортақ келісімге келе алмағанын айтады. ҚазАҚ Мета авторларға төленетін роялити мөлшерін бұрынғыша қалдырғысы келді, ал қазақстандық авторларға онсыз да мардымсыз төлем жасалып келді деп отыр.

«Метаның бұл әрекетін ұлттық мәдениетімізге деген шектен тыс теріс көзқарас деп санаймыз. Қазақстандық контенттің жабылуы Мета-ның өз қызметіндегі мәдениетті бағалау және қолдауда елеулі кемшіліктер бар екенін білдіреді. ҚазАҚ соңғы бірнеше айда Қазақстандағы музыкалық туындыларды қолдану бойынша Мета-мен өзара тиімді шарттарда келісімге келу мақсатында белсенді келіссөз жүргізді. Алдыңғы келісімге сай, компенсация мөлшері өте төмен болатиын», – дейді «Қазақстан авторлық қоғамы» РҚБ бас директоры Айнұр Есендікова.

Айнұр Есендікова Мета ҚазАҚ музыкалық туындыларды пайдаланғаны үшін лайықты сыйақы төлеу туралы ұсынысын қабылдамағанын, Қазақстанды үшінші сұрыптағы нарық ретінде қарап отырғанын айтады.

“МЕТА ДОҚ КӨРСЕТІП ОТЫР”

Ulysmedia.kz тілшісінің «Мета отандық авторларға туындысын пайдаланғаны үшін қанша төлейтін елі» деген сұрағынан ҚазАҚ РҚБ төрағасы Байғали Есенали «келісім-шартқа сай, оны ашып айта алмаймыз, тек Еуропа, АҚШ нарығынан 200 есе аз төлейтінін атап өткен жоқ» деп жауап берді.

Ол «Мета» ұсынған шартқа көнсек, шарт бірнеше жылға жалғасып кететінін айтады.

«Мета-мен мұндай оқиғалар әлемнің өзге елдерінде де болған. Былтыр мамыр айында италиялық туындылармен осындай жағдай болды. Олар да біздікіндей талап қойды. Мета бастапқыда италиялық әндерді инстаграмнан өшіріп тастап, кейін келісімге келді. Сол сияқты біз де Метаның авторларымыздың туындыларын пайдаланғаны үшін төлейтін төлеміне келіспейміз. Біз өз авторларымыздың туындысы төмен бағаланғанын қаламаймыз. Егер Мета-ның шарттарына келіссек, бұл бірнеше жылға созылып кетеді. Арамызда келіссөз жүріп жатыр. Біз мақсатымызға жетеміз деп ойлаймыз», – дейді ол

Байғали Есенали «Метаның бұл әрекеті доқ көрсету, алайда оны көп уақыт жалғастыра алмайты» деп санайды.

«Себебі олар өз пайдасын ойлайды. Пайда тауып отырған тамырына балта шаба алмайды. Сондықтан біз бейнелі түрде айтар болсам, алдағы уақытта тоқ болуымыз үшін бір күн аш жүре тұрсақ, ештеңе етпейді дей ойлаймын» дейді ол.

Байғали Есенали Инстраграмнан түсетін роялтидің 30 пайызын ҚазАҚ, 70 пайызын авторлар алатынын атап өтті.