Бір ғана облыста алимент төлемеген 14 азамат түрмеге қамалды

Ғалиасқар Думан

Биыл Маңғыстау облысында прокуратураның бастамасымен 36 азаматқа қатысты балаларын күтіп-бағуға арналған міндеттемелерін орындамағаны үшін (ҚК 139-бабы) қылмыстық істер тіркеліп, сотқа жолданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, бүгінгі күні 14 азаматқа сотпен бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
 
Мәселен, азамат «Р» ұзақ уақыт бойы алименттік міндеттемелерін орындауға шаралар қабылдамаған және оның борышы 4 млн теңгеден асқан.

“Соның нәтижесінде, сот азамат «Р»-ды кінәлі деп танып, 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.  Үкім заңды күшіне енді.
 
Сонымен қатар, алимент бойынша жалпы сомасы 15,5 млн теңге көлемінде борышы бар 6 азамат ҚК 68-бабына сәйкес тараптардың бітімге келуі және зиянның толық өтелуіне байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартудан босатылды” делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының аумағында алимент төлеуге міндетті шамамен 5 мың борышкер бар.

Прокуратура борыштарын өтемеген тұлғалар құқық қорғау органдары арқылы жауапқа тартылатынын ескертті.