Бішкекте Яндекс.Такси жүргізушілері ереуілге шықты

Қалижан Бектемір

Бішкекте Яндекс.Такси қызметінің жүргізушілері ереуілге шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттық Радиосына сілтеме жасап.

Фото: дереккөз

НЕ ҮШІН?

Компания кеңсесінің алдында өткен акцияға қатысушылар Яндекс.Такси табыстан 21% комиссия алатынын, бұл көрші Қазақстанмен салыстырғанда үш есе көп екенін айтады.

Егер такси жүргізушісі, мысалы, 120 мың сом тапса, оның 26 ​​мың сомы Яндекске кетеді, тағы 4 мың сомы такси компаниясына түседі. Яғни, 30 мың сомды компаниялар алып жатыр, – дейді митингіге қатысушылардың бірі Анжела Қасымова.

ҮНДЕУ

Жиналғандар ел билігіне үндеу жолдап, Яндекс.Таксидің әрбір тапсырыс үшін алатын комиссиясын 7 пайызға дейін төмендетуді сұрады. Шерушілерге компания атынан ешкім шықпаған.

Бұған дейін Жогорку кенеш депутаты Жанарбек Ақаев Қырғызстандағы такси нарығының 90 пайыздан астамын бақылайтын Яндекс.Таксидің комиссиясының ұлғаюына алаңдаушылық білдірген еді. Депутат осыған байланысты министрлерді шара қабылдауға шақырды.

Еске салсақ, келесі жылдан бастап жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген жеке тұлғаларға ғана тапсырыстар беріледі. Осы және өзге де өзгерістер жайлы ОКҚ өткен брифингте ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы мәлім еткен болатын.