Жылуға бөлінген ақшаны жымқырғандар Астана мен Шымкенттен қос-қостап үй алған

Ғалиасқар Думан

Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жылуға бөлінген қаржыдан жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталғанын мәлім етті, деп жазады Ulysmedia.kz

Коллаж Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Департамент өңірдің лауазымды тұлғаларына және "Қуатжылуорталық-3" МКК-ға қатысты сметалық құнын арттыру, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған.

Сонымен қатар, күдіктілер лауазымды адамдар ұрланған қаражатты жылыстату үшін "қолма-қол ақша жасаушылар" тобын тартқан. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде тұлғаларға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар негізінде жалған құжаттар ұсынған.

ТӘРКІЛЕНГЕН МҮЛІК

Параллельді қаржылық тергеу шеңберінде қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер, 1 тұрақ орны, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен тыйым салынды.

Сот үкімімен барлық жеті айыпталушылар 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған.