Қазпошта басшысы сыйақы мен бонустан бас тартқанын айтты

Ғалиасқар Думан

Мәжілісте журналистер "Қазпошта" АҚ-ның басқарма төрағасы Әсел Жанасовадан қанша жалақы алатанын сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

– Мен ашық түрде айтайын, 1 млн 200 мың аламын. Басқа да ұлттық компаниялардың деңгейінде деп білемін. Себебі бұны жасыратыны жоқ, шын мәнінде солай. Бонус, премия туралы сұрақтарыңыз болатынын білемім. Бізде Қазпоштада дағдарысқа қарсы жоспар бар. 2023 жылы ғана кішкене плюске шықтық. Ондай біздің жағдайымыз жоқ, біз бонус пен премия алмаймыз, – деген ол жаңа жыл қарсаңында да премия алмайтынын жеткізді.

Әсел Жанасова бес жылдық жоспар барын, сол кезеңде поштаны аяққа тұрғыза алса, онда премия мен бонусты қарастыруға болатынын атап өтті.

– Қазіргі кезде мен ұяламын шыны керек. Менің өзімнің жағдайым емес, поштаның жағдайы бірінші орында. Көтеретін болсам, мен ауылдағы пошташылардың, сұрыптаушылардың жалақысын бірінші көтерем. Соларға премияны да беремін. Осы жылы екі рет премия бердік, өткен жылы үш рет премия бердік, жалақыдан басқан. Сондықтан біз әрдайым жұмыскерлерімізді қолдаймыз, – деді ол.