Жетісу облысында білім бөлімінің басшысы қамауға алынды

Қалижан Бектемір

Жетісу облысында білім бөлімінің басшысы қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ескелді ауданының білім бөлімі

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

 

Ескелді ауданы білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектуров қамауға алынды деген ақпарат желіде тарады. Оған қандай айып тағылған әзірге белгісіз.

Мұрат Бектуров 2024 жылдың қараша айында ұсталған. Бұл туралы ақпарат Instagram әлеуметтік желісінде таралған. Ол мәліметтерге сәйкес, Ескелді ауданының білім бөлімінің басшысы ұсталғаннан кейін оны бірден қызметінен шеттеткен.  Қазіргі таңда бұл лауазымды сол мекеменің бас маманы уақытша атқарып отыр.

Жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Stan.kz тілшісі Жетісу облысының білім басқармасының басшының орынбасары Әли Солтанбековке хабарласты. Оның айтуынша, Мұрат Бектуровтың қамауға алынғаны туралы басшылық тек Instagram желісінен білген. Артынша ол кісіні жұмысынан уақытша шеттеткен.

ҚАШАН ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ?

Мен, Мұрат Мұхтарұлының жұмыста болуы, болмауын туралы тексеруге өзім жеке бардым. Ол кісі жұмыс орнында болған жоқ. Ол кісінің жұмыста болмағаны туралы акт толтырдық. Ешқандай байланысқа шықпады, телефон нөмірі қосулы болды, бірақ байланысқа шықпады. Тура солай мен үш күн қатарынан Ескелді ауданына бардым, үш күн қатарынан акт жасадым. Үш күнге дейін ешқандай ақпарат ала алған жоқпыз, төртінші күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке арнайы сұрау-хат жібердік. Сол кезде ол кісінің соттың шешімімен ұсталып, қамалғанын естідік, –  дейді Әли Солтанбеков.

Айта кетейік, Бектуров бұл қызметті 5 жыл көлемінде атқарған. Оған дейін 2014-2019 жылдары Ескелді ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметінде болған. 2019 жылдан бері аудан көлемінде білім саласында біраз шу көтерілгенде болатын. Қазіргі таңда бұл іс бойынша Жетісу облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті ресми жауап бермеген.

Алайда таралған ақпарат бойынша, Мұрат Бектуров 2 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталып отыр. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Облыстық сот баспасөз қызметінің хабарына сәйкес, қылмыстық іс жүргізу кодексіндегі 201-бапқа сәйкес, тұтқындау туралы ақпарат жария етілмейді.

Еске салсақ, бұған дейін «Каспий» ФК-ның экс-басшысы 27 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.