Украинадағы соғыс: Ресей йемендіктерді армияға алдап тартып жатқаны хабарланды

Ғалиасқар Думан

Жүздеген жас йемендікті жалған уәдемен Ресейге шақырған. Сол жерде оларды еркінен тыс Украинадағы соғысқа жібереді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Deutsche Welle

АХМАДТЫҢ ОҚИҒАСЫ

Ахмадтың (редакция аты-жөнін өзгерткен) жолы болмады. Оның отбасылық жақын досының айтуынша, Ахмадты делдал арқылы Ресейге жұмысқа тартқан. Жалақы жақсы болады деп уәде берген соң, ол ұсынысты қабылдаған. Алайда, уәде етілген көмір шахтасындағы жұмыс орнының орнына Ахмад өзін Ресейдің Украинаға қарсы соғысында тапты.

«Оған өте қатал қарады, еркінен тыс соғысқа жіберді», – деп бөлісті Ахмадтың отбасылық досы Deutsche Welle басылымына.

Бұл туралы басқа йемендік дереккөздер де DW-ге айтқан. Олар да таныстарының немесе достарының жалған уәдеге сеніп Ресейге барып, кейіннен соғыс майданына жіберілгенін мәлімдеді.

Бір йемендік тұрғынның айтуынша, оның соғысқа кеткен досы және басқа йемендіктер байланыс құралдарынан толық ажыратылған.

«Тек бір адам арқылы ғана туыстары жасырын жазылған хабарламаларды алып тұрады. Онымен ешкім байланыса алмайды, оған ешкім көмектесе алмайды. Йемендіктер майданда толық оқшауланған», – дейді DW-дің әңгімелесушісі. Оның досы Сана мен Таиз қалаларында және олардың маңында жалданған 24 адамның тобында болған.

АРБАУ ШАРАЛАРЫ

DW сұхбаттасқан куәгерлердің мәлімдемелері Женевада орналасқан SAM йемендік құқық қорғау ұйымының зерттеу нәтижелеріне сәйкес келеді. Бұл ұйымның зерттеулеріне АҚШ Мемлекеттік департаменті Йемендегі жағдайға арналған есептерінде сілтеме жасайды.

SAM директоры Тауфик әл-Хамидидің айтуынша, Ресей мен Украина майданында соғысқан йемендіктердің нақты санын анықтау мүмкін емес.

«500-700 адам болуы мүмкін, бірақ аз болуы да ықтимал», – дейді ол DW-ге берген сұхбатында.

Оның мәліметінше, жастарды Йеменде халықаралық желі арқылы тартады.

«Олар Ресейде әскери қызметке қатысы жоқ жұмыс ұсынады деп уәде береді. Жалақы 10 000 АҚШ долларына дейін жетеді деп сендіреді», – деп түсіндірді құқық қорғаушы.