Трамп пен Зеленский Францияда кездеседі

Сырым Қаржас

Екі саясаткер де өрттен кейін қалпына келтірілген Нотр-Дам соборының ашылу салтанатына шақырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Анна Пушкарева / ТАСС

2019 жылдың 15 сәуірінде болған алапат өрттен кейін соборды қалпына келтіру уақытылы аяқталды. Оған бес жыл қажет болды.

Франция президенті Эммануэль Макрон бүгін, 7 желтоқсанда өтетін салтанатты ашылу рәсіміне елу мемлекет басшысы мен шетелдік үкімет мүшелерін шақырды. Бельгияның корольдік жұптары, Марокко мен Иордания патшалары, Катар әмірі, Италия, Грекия, Германия және Бразилия президенттері қатысатынын растады. Америка Құрама Штаттарының сайланған президенті ретінде алғашқы ресми сапары болғалы отырған Дональд Трамп та ашылу салтанатына қатысуға ниет білдірді. Ол Парижге 150 адамнан тұратын делегациямен, оның ішінде Илон Маскпен барады.

AFP агенттігі украиналық жоғары лауазымды тұлғаға сілтеме жасап хабарлауынша, шақырылғандар арасында Украина президенті де бар.

“Украина президенті Нотр-Дам соборын қалпына келтіруге арналған мерекелік шараларға қатысады. Ол президент Макронмен кездеседі. Басқа да кездесулер болуы мүмкін, атап айтқанда, шараға қатысатын жаңадан сайланған президент Дональд Трамппен де жолықпақ”, деп хабарлады AFP агенттігі.