“Ішімдіксіз ауыл” жобасына Түркістан облысында 30-ға тарта ауыл қолдау білдіріп, ішімдіктен бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ордабасы мен Мақтаарал ауданында 5 ауыл, Келесте 4 ауыл, Сайрамда 3 ауыл, Қазығұрт, Төлеби, Сауранда 2 ауыл, Отырар, Жетісай, Арыста бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдік сатудан бас тартқан.
Мәселен, Сауран ауданының Нұртас елдімекенінде 1835 адам тұрады. Ауылда бір мектеп, екі балабақша бар. Тұрғындарға үш дүкен қызмет етеді.
“Ауыл тұрғындары құрт пен майын дайындап, мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлікті тіршілік еткен ауылдың қаймағы бұзылмаған. Ақсақалдар жастарға үлгі-өнегесін көрсетсе, жастар алған тәлім-тәрбиесін ұштастырып, ауылды көркейту бағытында жұмыс жасап келеді. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” дегенді ұстанған мұндағы халық ағаш егу, сенбілікке шығу сынды істерді жасы да, кәрісі де бірлесіп атқаруды дәстүрге айналдырған. Осы ретте ауыл тұрғындары тыныштық пен тәртіптің сақталуында учаскелік полиция инспекторларының еңбегі көп екенін алға тартып, алғыстарын білдірді”, деп жазды Polisia.kz.
Ал учаскелік полиция инспекторлары ауылдағы әрбір үйдің жағдайымен қанығып, күнделікті жұмыс жүргізіп отырады. Соның нәтижесінде жоғарыда 30-ға жуық ауылда соңғы бірнеше жыл қатарынан қылмыс тіркелмеген.