"Жұмыс әлі аяқталған жоқ". Бектенов үй кезегіне байланысты қатқыл мәлімдеме жасады

Ғалиасқар Думан

Құрылыс саласын дамыту мәселелері қаралған үкімет отырысында премьер-министр үй кезегін біріздендіру әлі жүзеге аспағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Олжас Бектенов баспана кезегінде, тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек деп мәлімдеді.

«Мен тізімдерді түгендеп, бір жүйеге келтіруді тапсырған болатынмын. Бірақ, бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан оны тездету керек. Баспана кезегінде, шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қарашада президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған.

Оған сай, жеңілдетілген ипотека беру жалғасады.

Заң азаматтардың, қандастардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қатысты мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Түзетулердің бірінші блогы Отбасы банкінің негізінде тұрғын үй кезегіне қоюды, есепке алуды және бөлуді бір орталықтан жүзеге асыратын кешенді даму және қолдау институтын құруды көздейді.

Сонымен қатар Отбасы банкі жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді жалғастырады.

КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАНДАРҒА МҮМКІНДІК

Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл, бірінші кезекте, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Түзетулердің екінші блогында тұрғын үйге мұқтаж адамдар үшін қосымша кепілдіктер енгізу қарастырылған.

Түзетулердің үшінші блогы мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілген тұрғын үйді иелену және пайдалану тетігін регламенттейтін ережелерді толықтырып, нақтылайды.

Түзетулердің төртінші блогы жер заңнамасының жекелеген ережелерін, құрылыс, жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру саласындағы заңнамаларды жетілдіруге бағытталған.