Жолды жауып, намаз оқуға болмайды – Алматы Орталық мешіті

Сырым Қаржас

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі 6 желтоқсанда болған оқиғаға байланысты түсініктеме таратты. Ақпаратты ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желі арқылы жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

МЕШІТ НЕ ДЕЙДІ

Осы жылдың 6 желтоқсанында Алматы Орталық мешітінде алғаш рет жұма намазына келушілер мешіт ауласына сыймай қалған. Парыз намазы басталғанға дейін мешіт қызметкерлері жамағатты мешіт ауласына орналастырған. Алайда парыз намазы басталған соң мешіттің оң жақ бөлігі яғни, М.Мәметова көшесінің бір бөлігінде 5 минуттық құлшылық парызын өтеу орын алған. Салдарынан көше кептелісі пайда болған.

– Құрметті жұма намазына келуші жамағат! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті жерде намаз оқуға тиым салған. Олар: қоқыс жиналған жерде, мал соятын орында, қабір басында, жолдың үстінде, моншада, мал суарылатын орында және қағбаның үстінде. Жол үстінде намаз оқуға тиым салуының басты себебі: жол қозғалысына кедергі келтірмеу. Ол көшемен жедел жәрдем көлігі, өрт сөндіру көлігі немесе жұмысына асыққан адам жүретіні белгілі. Сондықтан 5 минутқа көшені жауып намаз оқу қаншама ұзын-сонар көше көптелісін туындатады. Жұма намазын оқу кезінде жолды жауып, басқа адамдарға зиян тигізуге болмайды. Сол себепті, баршаңызды намазға ертерек келіп, тиісті көрсетілген орындарға жайғасуды, жолдарды жаппауды, көліктерді де дұрыс орынға қоюды, талап пен тәртіпті қатаң сақтауларыңызды сұраймыз, – деп ақпарат таратты Алматы Орталық мешіті.

ТЕКСЕРУ

Желіде жолдың ортасында намаз оқып жатқан ер адамдардың видеосы тарап, қолданушылар бұл жайтқа әртүрлі реакция білдірді. Оқиға Орталық мешіттің жанында болған. Оңтүстік астананың полиция департаменті бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған. «Кез келген себеппен жолды жабу жол қозғалысы ережелерін бұзуға жатады және ӘҚБтК-нің 614-бабының талаптарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматы полициясы профилактикалық және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Мұндай фактілерге жол берілмейді, олардың жолы кесіледі», делінген полиция хабарламада.