"Наурыз" ипотекалық бағдарламасы бойынша таза әрлеудегі пәтерлерге алғашқы жарна көлемі төмендетіліп, минимал депозит мөлшері артады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова үкімет отырысында айтқанындай, келесі жылы бағдарламаға 300 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
"Талдау барысында екі мәселе анықталды. Біріншіден, көптеген сатып алушылар пәтердің дайын болғанын қалайды. Себебі жөндеу шығындары көбейеді. Осыған байланысты банк тұрғын үй-құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірнеше кездесу өткізді. Енді таза әрлеудегі пәтерлер бойынша бастапқы жарна 20%-дан 10%-ға дейін төмендейді. Бұл – ынталандыру шарасы," – деді Ибрагимова.
Өзгеріс 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ендіріледі.
"Екінші мәселе. Бағдарламаға қатысу үшін депозитте тек 1 млн теңге болуы қажет деген шарт қойылған. Бірақ конкурс жеңімпазы қысқа мерзімде пәтер құнының 20%-ын төлеуі керек. Қазіргі уақытта 2500-ден астам өтінім берушінің тек 39%-ы 20% жарнаны төлеуге дайын. Сондықтан келесі жылы бағдарлама қатысушыларының депозитінде 2 млн теңге болуын ұсынамыз," – деп қосты Ибрагимова.
Ол "Наурыз" бағдарламасы бойынша несие беру маусым айында басталғанын және салымшыларға міндетті жарна қалдығын 15 желтоқсанға дейін төлеуге мүмкіндік берілгенін түсіндірді. Алайда банкке бұл мерзімді ұзарту туралы өтініштер түсіп жатыр.