Арман Жұмагелдиевтің («Дикий Арман» деген атпен танымал) ісі бойынша жарыссөз басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл жөнінде адвокат Олег Чернов мәлім етті.
«Жұмагелдиев Арманның ісі бойынша сот тергеуі аяқталды, сот жарыссөздерге көшті. Қазір жарыссөздерде мемлекеттік айыптаушы сөз сөйлеуде. Айыпталушыларға ұзақ мерзім сұралуда. Желтоқсан айының соңына дейін аяқтаймыз деп ойлаймын, ал үкім 2025 жылдың қаңтар айының басында жарияланады», – деп жазды адвокат өзінің Instagram парақшасында.
Бұған дейін ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс «Дикий Арманмен» байланысы болған 15 адам ұсталғанын хабарлаған еді.
Былтыр 21 қыркүйекте Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайберген және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын-ала тыңдау аяқталған.
«Дикий Арман» лақап атымен танылған криминал авторитет Арман Жұмагелдиев 2022 жылы 7 қаңтарда ұсталған. Сол жылы сәуірде кәсіпкер Қайрат Құдайберген ұсталған болатын.