Түркияның Бурса қаласында қарулы адам сот ғимаратында атыс шығарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды.
Бурсаның 6-шы Жоғарғы қылмыстық соты қаладағы сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде 2023 жылы ер адамдар арасында болған қарулы төбелеске қатысты екінші сот отырысын бастады. Осы оқиғаның салдарынан 21 жастағы жігіт алған жарақатына байланысты бір жыл мүгедектер арбасына таңылған.
Белгілі болғандай, сот залында жәбірленушінің әкесі ұлының кек алу үшін айыпталушыға оқ жаудырған.
Оқиға орнына дереу полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері жеткен. Зардап шеккендер ауруханаларға жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетілді.
Құқық қорғау органдары қарулы шабуылдың мән-жайын анықтап жатыр. Қару сот ғимаратына жәбірленушінің мүгедектерге арналған арбасымен әкелінген, ол мұқият тексерілмеген.
Жағдай уәкілетті органдардың қатаң бақылауына алынды. Қазіргі уақытта ауданда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданды.
Осыған дейін террористік ұйымға қатысы бар болуы мүмкін қазақстандық Түркиядан әкелінгені туралы жаздық.