Ақтауда екі баланың өліміне кінәлі болған жүргізуші 5 жылға сотталды

Сырым Қаржас

Жаяу жүргіншілер өткелінде екі қызды қағып, кейіннен олардың жүрегі тоқтап қайтыс болуына себепші болған ақтаулық жүргізушіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Lada.kz.

Үкімді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі жариялады.

ОҚИҒА ЖЕЛІСІ

Іс материалдарынан белгілі болғандай, осы жылдың қыркүйек айында «Тойота Камри» көлігінің жүргізушісі автодром аумағында жаяу жүргіншілер өткелінде 2008 және 2022 жылы туған екі қызды қағып кеткен. Екеуі де облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқанда жүрегі тоқтап қаза тапты.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Зардап шеккен тарап қатаң жаза қолдануды және моральдық шығынды өтеуді сұрады.

ПРОКУРОР ТАЛАБЫ

Прокурор жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырумен бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Үкім тағайындау кезінде судья жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде қылмысқа өкінуін, соттылығының болмауын, жас балалардың болуын ескерді.

СОТ ҮКІМІ

Қорытындысында ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлік құралын басқаратын адамның жол қозғалысы ережелерін бұзуы) кінәлі деп танылды. Оған жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ сот жүргізушіден моральдық шығын ретінде әрқайсысына 10 000 000 теңге, материалдық шығын үшін 1 867 375 теңге өндіру туралы жәбірленушілердің азаматтық талап арызын қанағаттандырды.

Бүгін, 14 желтоқсанда белгілі болғандай, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Жүргізуші апелляциялық шағым түсірмеді.

Еске сала кетсек,14 қыркүйек күні Ақтау маңындағы жол-көлік апатынан екі бала зардап шеккен еді. Ал 21 қыркүйек күні БАҚ зардап шеккендердің бірінің жүрегі тоқтап қайтыс болғаны жайлы ақпарат таратты. 28 қыркүйек күні ауруханадағы екінші қыз қайтыс болды.