Ипотека алу жағынан халықтың үкіметке қандай талаптары бар – сауалнама

Сырым Қаржас

Баспана мәселесі қазақстандықтар үшін қашан да басты мәселенің бірі. Үлкен қалада проблема тіпті өзекті. Қазақстанда бір пәтер алып, қарызын жабу үшін неге кісі ғұмырына тең уақыт кетеді? Жалпы қарапайым халық Отбасы банктің шарттарына қалай қарайды? Ulysmedia.kz порталы осы тақырыпта халықтың пікірін тыңдап, сауалнама жүргізді.

Ulysmedia коллажы

ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙДЕГІ ИПОТЕКАНЫ БЕРМЕЙДІ

Сауалнамаға қатысқан азаматтардың бірі Отбасы банктің шарттарын “өте жаман” деп бағалады. Өйткені банк екінші деңгейдегі ипотеканы бере алмайды. Қазақстанда қаржылық шарттар төмендеген деп есептейді ол.

– Шетелден біз арзан несиені ала алмаймыз. Сондықтан, бәсеке жоқ. Шарттар қазір нашарлады. Өйткені ең басында Григорий Марченко болған кезде басты бағдарлама «25-75» болған. Содан кейін бағдарламаны «50-50» етті. Бірақ жылдар ішінде 50 пайызды жинап, шешпеу керек. Бірақ сол шартты сақтаған кезде арзан пайызбен несие алуға болады. Сол шартты бұзсаң, онда 10 пайыздан жоғары несие болады. Ол дұрыс емес. Мемлекеттен ипотека жағынан жақсы шарттар жоқ. Көмек жоқ. Азамат өз шамасына қарай қадам жасап, үй алып жатыр, – дейді ол.

Алматы тұрғынының пікірінше, Отбасы банк 10 пайызға түсірсе де азаматтардың қаражаты жетпейді. Мұны қымбатшылықпен байланыстырады. Ең бастысы, азық-түлік бағасы өскен.

– Отбасының 80 пайызы қазір соған кетеді. Коммуналдық шығындар да аз емес. Тіпті 3 пайызға түсірсе де біздің азаматтар ала алмайды. Өйткені қазір орташа айлық ресми мәліметтер шынайы жағдайға сай келмейді. Отбасы банк 1, тіпті 0,5 пайызға түсірсе де халықтың жағдайы өзгермейді. Жыл сайын үйдің бағасы өсіп жатыр. Басқа нұсқа – 7-20-25. Ол жақсы бағдарламада. Бірақ оның көлемі азайған. Ол бойынша үйді тек кезекте тұрып алуға болады. Мен 50-50 пайызбен үй алдым. Үйдің жарты бағасын 4 жыл жинадым. Инфляция болған кезде көп ақшамды жоғалттым. Сондықтан, менің ойымша, ақша жинау – қазір болашақта не болатынын білмей, ақшаның құндылығын құрту. Меніңше, мемлекет сол Отбасы банктің бағдарламасын өзгерту керек. Ең бастысы, несие беріп емес, банк арқылы үй салу керек. Бір баға белгіленсе ғана халықтың жағдайын өзгертуге болады. Бірақ үйдің сапасы жоғары болуы тиіс. Бүгінгі таңда мемлекет салатын үйлердің сапасы өте төмен, – дейді ол.

Жалпы бұл пікірімен келісетіндер баршылық.

– Ең бастысы, пайыздарды төмендету керек. Оның үстіне адамдар көп кезек күтеді. Төлем пайыздары, алғашқы жарна болсын... Халық көп тапсыратындықтан, ұзақ күту керек, – дейді тағы бір азамат.

Пәтерде тұратын тағы бір азамат Отбасы банктің шарттарын тиімді деп есептейді.

– Мен де пәтерде тұрам ғой. Айына коммуналдық шығын 200 мың теңгеге шығады. Әлбетте, қиын. Тиімді деп ойлаймын. Себебі қазір болмайтын жерге ақша кетіп жатыр. Ипотеканы әрине, төлеуге болады, – дейді Алматының тағы бір тұрғыны.

Тағы бір азамат мемлекет тарапынан адамдар шығынға батпайтындай жағдай жасалуы тиіс дейді.

– Ең бастысы, айлық шығынға сай болуы керек. Қазір менің жалақым мәселен, 180 мың теңге. Мен мұндай айлықпе ипотека ала алмаймын. Құдайға шүкір, пәтерім бар. Сол себепті үй қажет етпеймін. Сол себепті үйі жоқ адамдарды түсінемін, – дейді ол.