Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары кәмелетке толмағандар арасында қорқытып алу фактілерін анықтағанын мәлім етті, деп жазады Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Ленинград ауылшаруашылық колледжінің студенттерімен жеке әңгімелесу барысында бірінші курс студенттерінен ақша қаражатын жүйелі түрде қорқытып алу фактісі анықталған.
Прокуратураның материалдарына сүйене отырып, бұл факт Қылмыстық кодекстің 194-бабының 1-бөліміне сәйкес Ақжар аудандық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.
ҮКІМ
“Ақжар аудандық сотының ағымдағы жылғы 28 қарашадағы үкімімен аталған колледждің үшінші курс студенті осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды” делінген аймақтық прокуратура хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
БАСШЫЛЫҚ БІЛСЕ ДЕ ҮНДЕМЕГЕН
Прокуратура аталған фактіні оқу орнының басшылығы білгенімен, құқық қорғау органдарына хабарламағанын атап өткен.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша жасалған бұзушылықтар үшін колледждің директоры мен жауапты тұлғалары заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылып, болашақта мұндай фактілердің орын алуына жол бермеу жұмыстарын ұйымдастыру қайта қаралған.