Грант дауы бойынша министрлікті сотқа берген талапкер жеңіліп қалды

Қалижан Бектемір

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты грант ала алмағаны үшін Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берген талапкердің ісі бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

МӘН-ЖАЙЫ

Соттың мәліметінше, арызданушы ҰБТ нәтижелері бойынша 140 баллдан 119 балл жинаған. 2024 жылдың 16 шілдесінде арызданушы М. Нархоз университетіне "B049 – құқық" бакалавриат мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін құжаттар тапсырған.

Ұлттық тестілеу орталығының деректеріне сәйкес 2024-2025 оқу жылына "B049 – құқық" мамандығына 150 грант бөлінгені анықталды. Алайда ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 2 тамыздағы бұйрығымен 30 грант талапкерлерге “төтенше жағдайдағы өңірлер үшін" квотасы бойынша берілген.

Осылайша арызданушы М мемлекеттік грант ала алмаған.

СОТ ХАБАРЛАМАСЫ

Алайда кейінірек министрліктің 2024 жылғы 27 тамыздағы бұйрығына сәйкес, бас тартылған және игерілмеген гранттарды қайта бөлу нәтижесінде арызданушы М Нархоз университетінде "құқық" мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Талапкер 2024 жылғы 2 тамыздағы бұйрықты даулап, сотқа шағынданған.

Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен М.-ның талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылды. Даулы бұйрықпен талап қоюшының қандай да бір құқықтары бұзылған жоқ. Сот сұралып отырған грантты алған талап қоюшының іс-әрекетінде құқықты теріс пайдалану бар деп қарастырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты, – делінген сот хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін талапкер грант жеңіп алғанына қарамастан министрлікті сотқа бергені туралы жазған едік.