Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жер учаскелері сот шешімі шығып, күшіне енгеніне қарамастан қайтарылмай жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАЗАРБЕК НЕ ДЕЙДІ
Бақытжан Базарбектің айтуынша, сот шешімімен мемлекетке қайтарылуы тиіс кейбір жер учаскелері әлі де қайтпай жатыр.
– Көп адам жерді қайтару шаруасы жүргізіліп жатқан кезде “сіздер генерал Новиков сияқты ірі шенеуніктердің жерін қайтара алмайсыңдар” деп шағым білдірген еді. Бұл жағдайды түсіндіргім келеді. Таяу күндері Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық соты Алматы қаласы прокуратурасының шағымын қанағаттандырып, Қарасай ауданы әкімінің 2004 жылғы №6-957 қаулысының күші жойылды. Кезінде Қарасай ауданы әкімдігі Іле-Алатаудың таулы аумағынан – орманды, сулы жерді жекеге беріп жіберген. Прокуратура арызды менің шағымым негізінде тапсырған. Онда Бас прокуратураға мен жердің қалай беріліп кеткенін тексеру жөнінде жазған едім. Прокуратура тексеру жүргізді. Біздің әріптестер де ол мәселеге үн қосты, – дейді ол.
Базарбектің айтуынша, жер тек сот шешімімен қайтарылады.
– Біз ары қарай да ойлануымыз керек. Генерал Новиковтың жері қайтарылғаннан кейін бұл жер Іле-Алатау паркіне берілуі тиіс. Біз 3-7 жылдан кейін тағы жергілікті олигархтарға беріліп кетпеуін қадағалау керек, – дейді ол.
НОВИКОВТЫҢ ЖЕРІ
Генерал-майор Павел Новиков Алматы политехникалық училищесін, Қонаев атындағы әскери училищесін және Қазақ дене шынықтыру институтын бітірген. 1972 жылдан Қарулы Күштер қатарында – спортшы, жаттықтырушы және нұсқаушы болып қызмет ете бастады, кейін Орта Азия әскери округінің Армия спорт клубының бастығы болды. Одақ тараған кезде Новиков Армияның орталық спорт клубын, одан кейін Қорғаныс министрлігінің спорт комитетін басқарды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болып тағайындалды. Айта кетерлігі, Павел Максимовичтің басқа қызметі – ол көп жылдар бойы Алматы қаласы әкімінің спорт мәселелері жөніндегі кеңесшісінің құрметті қызметін атқарған.
Сол дәуірді бастан өткерген тұрғындар Новиковтың мансаптық өсу жолын біршама біледі. ЦСКА-да 90-жылдардың басында билік өкілдері қатты ұнататын монша болды, ал Новиков жақсы бу шығарып, массаж жасаудың шебері. Олардың айтуынша, бұл моншаға Нұрсұлтан Назарбаев, Виктор Храпунов, Нұртай Әбіқаевтар барған. Кейінірек олар болашақ генералға жүздеген гектар тау-орман жерін тиынға сатып алуға рұқсат алуға көмектескен.
Новиков жанжалдан неге қорықпайтыны туралы Ulysmedia мақаласын осы жерден оқыңыз.