«Видеомен кешірім сұра деді»: әзілкеш Есқара әнші Заттыбекті қатты ренжітіп алғанын есіне алды

Сырым Қаржас

Танымал әзілкеш Есқара Бейбітов әнші Заттыбек Көпбосынұлын қатты ренжітіп алғанын есіне алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

“Жайдарман” ойындарының бірінде Есқара Бейбітов әншінің дауысын салып, күлкі қылған. Оның видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен. Бұл әншінің көңіліне қатты тиген.

– Видеоның қатты тарап кеткені соншалық, Заттыбек ағаның өзі маған қоңырау шалды ғой. Жағымды қатты шығарып жібердім бе, білмеймін. Туған-туыстары айтқан екен. Бірінші Рүстем Елжанов қоңырау шалды. “Заттыбек ағаңды ренжітіп қойыпсыңдар, аямайды, абайла, саған звандайды” деді. Артынан Есен аға (Елеукен) звандады. Ол да “кешірім сұрап, айналайын алдына жығыл, сені іздеп жатыр” деді. Сонымен, үшінші қоңырау Заттыбек ағадан болды, – дейді әзілкеш.

Әнші қоңырау шалған кезде әзілкеш базарда азық-түлік сатып алып жүрген.

– Ешқандай ой жоқ еді. “Ало” дедім. “Қалай інім?” деді. “Кім екен” деп қоясың ғой. “Бұл Заттыбек деген ағаң болады, сендер рұқсат сұрамай не болса соны приколға тыға бересіңдер ме?” деді. “Аға, енді менен басқа да адамдар Назарбаевқа дейін салып жатыр ғой, сізге кішкене бір жағынан контент қой” дедім. Содан не керек, кешірім видеосын жібер деді. Кешке жаймен камера алдында “бәрімізге тараған видеоны білетін шығарсыздар” деп ұрдық қой. Қатты тарағаны соншалықты, өшіріп тастай алмадық. Маған “өшіріп таста” деген. Таралып кетіпті. Бастауы қайсы, білмейсің ғой, – дейді Есқара.

Әлеуметтік желіден әзілкеш тараған видеоны сол күйі өшіре алмаған.