Ақтауда облыстық әкімдік алдында өзін-өзі өртеп жіберген ер адам ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Ақпаратты облыстық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Руслан Бекібаев растады.
Оның айтуынша, тұрғын 17 желтоқсан күні таңғы сағат 9-да қайтыс болған. Ол 12 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан.
Денесінде 98% термиялық күйік болды. Біз ол ауырсынуды сезінбеу үшін дәрі-дәрмекпен ұйықтаттық. Бірақ содан кейін оның қан қысымы төмендеп, күйіктен шок алып, қайтыс болды, – деді Бекібаев.
БҰҒАН ДЕЙІН...
Еске сала кетейік, 5 желтоқсан күні Маңғыстау облысында ер адам әкімдік ғимаратының алдында өзін өртеп жіберген еді. Облыстық ішкі саясат басқармасының ақпаратына сәйкес, ер адам өңір басшысымен кездесе алмаған.
Сондай-ақ бұған дейін оның Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылғанын, жағдайы ауыр екенін жазған едік.