Сирияның қазіргі көшбасшысы атанған Ахмет Әл-Шара елдің соғыстан шаршағанын, Сирия көршілеріне немесе Батыс елдеріне қауіп төндірмейтінін мәлімдеді. Дамаскіде BBC-ге берген сұхбатында ол Сириядан санкцияларды алып тастауға шақырды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Әл-Шара екі аптадан аз уақыт бұрын жақтастарымен Башар Асад режимін құлатқан. Ол көтерілісшілер альянсында үстем күш саналатын "Хайят Тахрир аш-Шам" (ХТШ) тобының жетекшісі әрі бұрын Әбу Мұхаммед әл-Жулани деген атпен танымал болған.
Ол ХТШ террористік ұйымдар тізімінен шығарылуы керек дейді. Бұл тізімге ұйымды БҰҰ, АҚШ, ЕО, Ұлыбритания, Ресей және басқа да көптеген ел кіргізген еді. ХТШ 2016 жылы "Әл-Каидадан" бөлініп (террористік деп танылған және тыйым салынған) шыққан.
Ахмед Әл-Шара "Хайят Тахрир аш-Шам" террористік топ емес екенін айтады.
"Олар бейбіт тұрғындарға немесе азаматтық аудандарға шабуыл жасаған жоқ" дейді ол. Шындығында, олар өздерін Асад режимінің қылмыстарының құрбаны деп санайды. Ал "бүлікшілер" көшбасшысының айтуынша, құрбандарға агрессорлар сияқты қарау мүмкін емес.
ВВС
Әл-Шара Сирияны Ауғанстанға ұқсайды деген күдікті жоққа шығарады. Ол екі елдің дәстүрі әртүрлі екенін айтты. Әл-Шараның сөзінше, Ауғанстан – тайпалық қоғам. Сирияда менталитет басқа. Атап айтқанда, Әл-Шара әйелдерге білім беру қажеттілігіне сенетінін айтады.
– Біздің Идлибте университеттер сегіз жылдан астам жұмыс істейді. Менің ойымша, бұл университеттердегі әйелдердің үлесі 60% - дан асады, - деді Әл-Шара.
Сирияда алкогольге рұқсат етіле ме деген сұраққа ол: "менің айтуға құқығым жоқ көп мәселе бар, өйткені бұл заңға қатысты сұрақтар" деп жауап берді.
Әл-Шара Сирияда заңгерлерден тұратын комитет құрылып, жаңа Конституция жазылатынын хабарлады. "Олар шешеді. Кез-келген билеуші немесе президент заңға бағынуы керек" дейді ол.
Сұхбат барысында азаматтық киім киген Әл-Шара жайбарақат болып көрінген әрі оның тобы өзінің экстремистік өткенімен үзілмеді деп санайтындарды тыныштандыруға тырысқан.
Сириялықтардың көбі бірақ оған сенбейді.
Сирияның жаңа билеушілерінің алдағы бірнеше айдағы әрекеттері елдің қандай болатынын көрсетеді.