Бейнеудегі жұмыссыздық: Қилыбаев проблеманың шешімін неден көреді

Сырым Қаржас

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаев Бейнеудегі жұмыссыздық мәселесі қалай шешілетінін айтып берді, деп жазады Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

ҚИЛЫБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

ОКҚ брифингінде Маңғыстау облысының әкімі Бейнеу өзінің туған жері екенін айтты.

– Үлкен ақсақалдарымыз сол жерде жерленген. Маған ыстық жер. Сол жерде туып-өстім. Бейнеудің өзі тоғыз жолдың торабында тұр. Арғы жағында Атырау облысына шығып кететін жер бар, мына жағымен Ақтөбе облысына шығып кетуге болады. Тіке тас жолмен Өзбекстан – Қарақалпақстанға шығып кететін жолдар бар. Жұмыссыздық бар екенін мойындаймыз. Қәзір не жұмыстар жасалып жатыр. Бейнеуде астық терминалы бұйыртса, алдымыздағы қаңтар айында іске қосылады. Көптен бері тұрып қалған. Халық қорының қолдауымен, басқа да қаржы институттарының қолдауымен астық терминалы іске қосылады. Ол жеде жұмыс орындары пайда болады. Әрине, сол ғана бүкіл Бейнеудің проблемасын шешіп тастамайды, – дейді ол.

Әкім премьер-министр осыдан үш ай бұрын Өзбекстанға барған кезде Өзбекстанның премьер-министрімен Бейнеу мен Қарақалпақстанның ортасындағы шекараға сауда орталығын салайық деген ұсыныс білдіргенін, қазір соны талқылап жатқанын атап өтті.

– Қазір екі жақ талқылап жатыр. Өткен жолы Өзбекстанның делегациясы біздің жаққа келіп кетті. Олар да “Атамекен” ҰКП секілді орталықтары бар. Сол кісілер айналысып жатыр, – дейді ол.

Бейнеуге сауда нүктесі ретінде басымдық берілмек.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі 60 мыңнан аса тұрғыны бар Бейнеуге қала мәртебесін беруге болатынын хабарлаған еді. Алайда Қилыбаев “бұл мәселе әлі қарастырылып жатқан жоқ” деді.