«Қазақмыс» жұмысшылармен жүргізген келіссөздердің аяқталғанын мәлімдеді

Ғалиасқар Думан

«Қазақмыс» корпорациясы басшылық пен жұмысшылар арасындағы келіссөздерді қорытындылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

“Тараптар екі жаққа да тиімді келісімге қол жеткізді. Жұмысшылар бұған дейін ұсынылған шарттармен келісті”, делінген корпорация хабарламасында.

Келіссөздер барысында бұдан былай жұмысшыларға 13-жалақыға қосымша 30% сыйақы төлеу, тоқсан сайын берілетін сыйақы енгізу, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақыны 8,5%-ға индексациялау мәселелері шешілген.

“Өз кезегінде жұмысшылар Оңтүстік Жезқазған кенішінің штаттық жұмысын қалпына келтіруге дайын екендерін жеткізді. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев ереуілге қатысқан жұмысшыларға ешқандай шағым жоқ екенін атап өтті”, деп хабарлады корпорацияның баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, бүгін «Қазақмыс» жұмысшылары видеоүндеу арқылы президенттен көмек сұрады. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, 250-ден астам кенші жалақыны 100 пайызға көтеруді және мемлекеттік органдардың қысымын азайтуды талап етіп, ереуілге шыққан.

Ал «Қазақмыс» корпорациясы жалақыны көтеруден бас тартты. 17 желтоқсан күні «Қазақмыс» корпорациясының бірнеше қызметкері газдан уланып қалған.

Компанияның баспасөз қызметі корпорацияның бас директоры мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.