Тбилисиде грузиндер еуроинтеграция туралы келіссөздерді тоқтатқанын жариялаған үкіметке қарсы 24-ші рет наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Эхо Кавказа" басылымының хабарлауынша, шерушілер қайта сайлау өткізуді талап етіп отыр.
Парламент ғимараты алдындағы наразылық шеруіне Грузия облыстарының өкілдері қатысқан. Тбилиси орталығындағы Руставели даңғылында қатысушылар би биледі, оның ішінде грузиннің соғыс биі Хорумды орындаған.
Жексенбі күні шерулерге Грузияның қазіргі президенті Саломе Зурабишвили қосылады. Сенбі күні ол үкіметтік емес ұйымдар, оппозиция өкілдерімен және наразылық акциясына қатысушылармен кезекті кездесу өткізген. Ол биліктегі «Грузин арманы» партиясының негізін қалаушы Бидзина Иванишвилимен қайта парламенттік сайлау өткізу мәселесін талқылауға дайын екенін мәлімдеді.
ГРУЗИЯДАҒЫ ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ
Грузияда таяуда өткен парламент сайлауында проресейлік “Грузин арманы" партиясы 54 пайыз дауыс жинап, 150 орыннан 89-ына ие болған. Оппозициялық партиялар "Өзгерістер коалициясы" 19 депутат мандатын, "Біртұтас ұлттық қозғалыс" – 16, "Күшті Грузия" – 14, "Грузия үшін" – 12 мандат алған. Оппозиция сайлау нәтижесін мойындамай, парламент сайлауын қайта өткізуді талап етіп, наразылық акцияларын өткізген.
Грузияда мыңдаған адам парламент сайлауын қайта өткізуді талап етіп алаңға шықты.