Астанада қарлы боран: әкімдік қала тұрғындарына үндеу тастады

Ғалиасқар Думан

Астана әкімдігі толассыз жауған қарға байланысты қала тұрғындарына қайырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото ©️ Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қардың толассыз жаууына байланысты коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатыр.

21-інен 22 желтоқсанға қараған түні коммуналдық қызметтер елордадан 42 мың текше метрден астам қарды 3033 рейспен алып шыққан. Сол сияқты бұл күні қар күреу жұмысына 2603 жол жұмысшы мен 1 595 арнайы техника жұмылдырылған.

Жалпы қыс мезгілінің басынан бастап полигондарға қаладан 105 695 рейс арқылы 1 млн 336 мың текше метрден астам қар шығарылыпты. 

“Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз”, дейді қала басшылығы.

Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласуды ескертті.

Еске сала кетсек, бұған дейін 22 желтоқсанда Қазақстанның басым бөлігінде қар жауып, бұрқасын болатыны ескертілген. Астанада көшпелі бұлт шығып, өткінші қар жауып, бұрқасын болатыны болжанған. Оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жел соғады.